Түркістан облысында үшем босанған қос анаға сый-сыяпат берілді

1268

Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев үшем босанған екі ананы өзі барып перзентханадан шығарды. 

Түркістан облысында үшем босанған қос анаға сый-сыяпат берілді

Бір айдың ішінде екі үшемнің өмірге келуі облыс орталығында алғаш рет тіркеліп отыр, деп хабарлайды otyrar.kz.

Түркістан облыстық №3 перинаталдық орталықта босанған Динара Нарханова үш ұлды өмірге әкелді. 1 мамыр күні мерзімінен ерте босанған 27 жастағы келіншектің нәрестелері 1 820 гр, 1800 гр, 1730 гр болған. Дәрігерлер алғашқы кезде шақалақтардың жағдайы ауыр болғанын айтады. Оларды жасанды тыныстану аппаратына қосып, бір ай көлемінде ерекше күтім жасаған. Қазір жағдайлары жақсарып, салмақтары екі келіден асқан. Жасанды ұрықтандыру жолымен жүкті болған келіншек балаларының есімін Икрам, Ислам және Имран деп қойыпты.

Ал, екінші үшемдерді босанған Сайера Туклиева – 29 жаста. Жас ананың үшемінің алдында үш перзенті бар.

Бүгін қос ана мен нәрестелеріне облыстық әкімдіктің атынан сый-сыяпаттар жасалды.

"Қазіргі таңда нәрестелердің барлығының жағдайы жақсы. Бастапқы кезде салмақтары аздау болғандықтан, оларды дәрігерлер қарауларына алды. Медициналық күтім жасап, бүгін үйлеріне жақсы жағдайда шығарып жатырмыз. Бұдан былай әр отбасына медибике бөлінетін болады. Осы үшемдердің жағдайын қарап, бақылауда ұстап отыратын боламыз",– деді Мұқан Егізбаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде үш үшем дүниеге келген. Екі ана Түркістан қаласында, тағы бір ана Шымкент қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта босанған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу