Түркістан облысында алғаш рет зәйтүн ағашы өсірілмек. Шетелдік мамандар өткен жылдың күзінде ауданға арнайы келіп, топырақтан сынама алған. Олар Жетісай жері зәйтүн ағашын отырғызуға ең қолайлы аймақ екенін айтып отыр, деп хабарлайды 24.kz.
Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың айтуынша, жергілікті халық тек мақта шаруашылығымен ғана шектелмей, болашақта зәйтүн мен тағы басқа дақылдарды егумен айналысуы керек.
Жалпы зәйтүн ағашы субтропикалық аймақтарда өседі. Көрші Өзбекстанның Жызақ облысы да оны егіп, мол өнім алуда. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары Жызақ пен Жетісайдың арасы жақын екенін айтады. Майлы дақылдың жаңа егілген жас көшеті 5-6 жылда жеміс береді. Бір түптен жылына 20-40 кг дейін өнім алуға болады. Басқа жеміс ағаштарына қарағанда ұзақ жасайды, әрі 150-200 жылға дейін өнім береді. Зәйтүн құрамының 50-ден 75 пайызға дейіні май болады.
"Өткен айда біз оларды тағы да шақырып, екі жерді ұсындық. Бірі 40, екіншісі 30 гектар жер бердік. Көктемде келіп егеді. Егер өнімдері жақсы болатын болса, келешекте оның көлемін арттырып, шағын цехтар мен зауыт салып, зәйтүннен түрлі өнім шығаруға толық мүмкіндік бар", – дейді аудан әкімі.