Түркістан облысында жабдығы ұрланған индустриалды аймақ жұмыс істемей тұр

180

Бүгінде Түркістан облысында аумағы 1700 гектардан тұратын 14 индустриялық аймақ бар.

Түркістан облысында жабдығы ұрланған индустриалды аймақ жұмыс істемей тұр Фото: Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметі

Оның ішінде бесеуі 2024 жылдың соңында құрылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Атап айтқанда, "Тұрбат", "Сауран", "Сарыағаш", "Келес" және "Сайрам" индустриалды аймағының жалпы аумағы  1097 гектар.

Сондай-ақ, Арыс, Ордабасы аудандарында жекеменшік осындай аймақтар бар. 

Жалпы, өңірдегі индустриалды аймақтарда бүгінгі күні құны 120 млрд теңге болатын 82 жоба жүзеге асып жатыр.

Мұнда кәсіпкерлерді дайын инфрақұрылыммен қамту, төмен бағада жер телімін қосалқы жалдау, жер телімінің кадастрлық құнын сатып алу (объектіні пайдалануға қабылдау актісін алғаннан кейін, жобалық қуатына шыққан соң), төмен бағада электр энергиясымен (1кВт  25 теңге) қамту қолға алынған.

Дегенмен, кей аймақтарда ұрлықтың салдарынан индустриалды аймақтар жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып отыр. 

"Turkistan индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынған ақпаратқа сенсек, Түлкібас ауданындағы индустриалды аймақ бүгінде жұмыс істеп тұрған жоқ. 

– Бұған басты себеп  инфрақұрылым объектісінде 35 кВт қосалқы электр стансасы модульдік құрылғысының ұрлануы. Қосалқы станцияны қалпына келтіру үшін, сондай-ақ қоршау мен күзет бекетін орнатуға жергілікті бюджеттен 68,8 млн теңге қажет. Бүгінгі таңда Түлкібас индустриалды аймағы "Қарқын Трейд" ЖШС-мен бройлер етін өндіру жобасын жүзеге асыру бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Инвестиция көлемі  14,5 млрд теңге, 268 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Жобаның жылдық қуаты  жылына 25 мың тонна құс етін өндіру,  делінген "Turkistan индустриалды аймақтардың басқарушы компаниясы" ЖШС бас директорының орынбасары Ш. Қалыбек ұсынған ақпаратта.

Индустриалды аймақтарда ұрлық жайты бұрын да болған. Мұның алдында Қазығұрт және Шардара индустриалды аймағында жарық жүйлері ұрланған. Қазіргі таңда нысандар толықтай қалпына келтіріліпті. 

 Жаңа құрылған 5 индустриялық аймақта инфрақұрылым құрылысына жобалық смета құжаттамасы әзірленіп жатыр. Түлкібас ауданын қоспағанда қалған 9 аймақ толығымен жұмыс істеп тұр. Бәрі инфрақұрылыммен қамтылған, делінген компания ақпаратында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу