Түркістан облысында жалған құжатпен шекарадан өтпек болған екі шетелдік ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сарыағаш АПБ-ға Жібек жолы шекаралық бақылау бөлімшесінің қызметкерлерінен хабарлама түскен. Өзбекстанның екі азаматы шекарадан өтпек болған кезінде олардың құжаттарының шын екеніне күмән болған.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері мұқият тексеру барысында азаматтардың жалған құжатпен өтпек болғанын тіркеген.
"Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 385-бабы (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) бойынша тіркеді. Қазіргі таңда іс құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау мақсатында Сарыағаш аудандық сотына жолданды", – деп жазылған хабарламада.