Түркістан облысында жаңа екі су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын

141

Өңірде "Бәйдібек-ата" және "Қарақуыс" су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр.   

Түркістан облысында жаңа екі су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын Фото: gov.kz

Көлемі 68 млн текше метр болатын "Бәйдібек-ата" су қоймасы Түркістан облысының Бәйдібек ауданында, Балабөген мен Үлкен Бөген өзендерінің қосылатын жерінде, жалпы аумағы 860 гектар болатын жерде салынып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Су қоймасы бөгетінің ұзындығы – 1,75 шақырым, биіктігі – 26 метр. Бұл нысан тасқын суды жинап, вегетация кезеңінде қосымша су көлемін Бөген су қоймасына тиімді бағыттауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жоба бойынша құрылыс жұмыстары 75 пайызға орындалған.

"Бәйдібек-ата" су қоймасынан Бөген су қоймасына су беру үшін "Сарқырама" каналы салынып жатыр. Ұзындығы 21,7 шақырым болатын бұл канал секундына 12 текше метрге дейін су өткізе алады және 2,5 мың гектар суармалы алқапты суармалы сумен қамтамасыз етеді. Бүгінде ұзындығы шамамен 21 шақырым болатын учаскеде жұмыстар толық аяқталды.

Ал көлемі 1,2 млн текше метрді құрайтын "Қарақуыс" су қоймасы Төлеби ауданында салынып жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Бұл нысан 500 гектар суармалы жерді сумен қамтуға мүмкіндік береді.

"Барлық жұмыс заманауи сапа стандарттарына сай жүргізіліп жатыр. Жаңа су қоймалары тасқын және еріген қар суын тиімді пайдалануға жол ашады, бұл су ресурстары азайып жатқан жағдайда аса маңызды. Қосымша суармалы алқаптарды игеруге, сондай-ақ Бөген су қоймасындағы су деңгейін қауіпсіз реттеуге мүмкіндік туады. Ауыл шаруашылығы, балық шаруашылығы, мал шаруашылығы мен туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалады. Гидрологиялық есептеулерге сәйкес, Бөген өзені арқылы орташа жылдық су ағыны 165 млн текше метрге жетеді", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу