Түркістан облысында 2018-2019 жаңа оқу жылында 1 381 балабақша, 907 мектеп және 94 колледж жұмыс істейтін болады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Исатай Сағындықов мәлімдеді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Оның сөзінше, өңірдегі білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.
"Жөндеу жұмыстарына 105,5 млн теңге қаралып, білім мекемелерінде әктеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп, қазір олардың жартысынан көбі жаңа оқу жылына дайын. Барлық білім нысандарын 25 тамызға дейін аяқтау жоспарлануда. 2018 жылы 47 білім нысандарының күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық және жергілікті бюджеттен 4,3 млрд теңге бөлінген. Оның 40-ы мектеп, 1-еуі мектеп-интернат, 6-ауы колледж", – деді басқарма басшысы.
2018-2019 оқу жылында өңірімізде 54915 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Жаңартылған білім беру мазмұнына 3,6,8 сыныптардың көшуіне байланысты оқулықтарды сатып алуға және жеткізуге жергілікті бюджеттен 4,9 млрд теңге бөлінді.
Сондай-ақ, 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында "Мектепке жол" дәстүрлі жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы өтеді деп жоспарлануда. Аталған шара аясында 2017 жылы облыстағы аз қамтамасыз етілген және көп балалы 26749 отбасы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жалпы құны 314 млн теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілген.
Айта кетейік, облыстық білім басқармасына қарасты "Тау Самалы" облыстық мамандандырылған оқу-сауықтыру орталығы" МҚКК коммуналдық меншіктен мемлекеттік мүлікті тапсыру ережесіне сәйкес, мүліктік кешен ретінде "Балдәурен" республикалық оқу сауықтыру орталығының меншігіне өткізілді. Енді "Тау Самалы" орталығы Қазақстанның барлық аймағынан, атап айтқанда Алматы, Түркістан облысы сияқты халқы тығыз орналасқан аймақтардан балаларды барынша қамтуға мүмкіндік береді.