Алты ай ішінде ит және басқа да жануарлар тістеген 3302 адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл өткен жылдың осы кезеңінен 7,8 пайызға жоғары.
Өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың айтуынша, облыста жыл сайын шамамен 6 мың адам жануарлардан зардап шегіп, дәрігерлерге қаралады.
Сонымен қатар биыл өңірде Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының 8 жағдайы тіркелді. Ауру Отырар ауданында екі адамнан, Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Келес аудандары мен Кентау қаласында бір-бір адамнан анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 жағдайға көп.
Мамандардың мәліметінше, Түркістан облысы Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары бар оңтүстік өңірлердің бірі. Ауруды жұқтыру қаупі әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар арасында жоғары.
Жыл басынан бері мамандар 31 мыңнан астам кенені жинап, зерттеген. Зерттеу барысында 55 сынамадан қауіпті инфекция қоздырғышы анықталды.
Бұдан бөлек, облыста алты айда туберкулездің алғаш анықталған 266 жағдайы тіркелген. Науқастардың 16-сы — балалар мен жасөспірімдер.