Түркістандық полициялар профилактикалық-рейдтік шара кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды бақылау үшін дрон қолданатын болды. Әуеге ұшырылған құрылғы жоғарыдан заң бұзушылықтарды түсіріп, содан кейін бейнежазба полицейдің планшетіне жіберіледі. Әрі қарай тәртіп сақшылары жол ережесін бұзушыны тоқтатып, әкімшілік хаттама толтырады.
Мұндай шара аймақтағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ қауіпті учаскелердегі апатты азайту, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды жедел анықтауға көмектеседі. Бастаманы Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы мен Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласқан.
Жыл басынан бері 450-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, зерттей келе апатқа көбінде қарсы жолаққа шығу себеп екені анықталған.