Түркістан қаласында жұмысқа орналастырылған азаматтардың жалақысын субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша айыптау үкімі шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеуді ҚМА Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген. Белгілі болғандай, Еңбек мобильділігі орталығының бұрынғы директоры, Жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің қызметкері және бірнеше коммерциялық ұйым басшылары азаматтарды субсидияланатын жұмыс орындарына жалған рәсімдеу арқылы бюджет қаражатын заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.
Тергеу деректеріне сәйкес, орталық қызметкері кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңбаларын пайдаланып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға жалған өтінім берген. Өтінімдерде көрсетілген лауазымдар шындыққа сәйкес болмаған. Өтінімдер мақұлданған соң, еңбек міндеттерін іс жүзінде орындамаған адамдарды жұмысқа қабылдау туралы бұйрық рәсімделген.
Кәсіпкерлер өз таныстары мен туыстарын мемлекеттік қолдау бағдарламасына қатысуға үгіттеп, банктік шот ашуды ұсынған. Анығында, бұл шоттар жалған қызметкерлерге төлем жүргізу үшін пайдаланылған.
– Ай сайын жүйеге жалған жұмыс уақыты туралы табельдер енгізіліп отырған. Сол құжаттар негізінде төлемдер "жұмысшылардың" шоттарына аударылған. Қаражат кейін қолма-қол шешіліп, бөлім қызметкеріне берілген, ол қаражатты қатысушылар арасында үлестіріп отырған. Зерттеу барысында 78 адамның жалған еңбекке орналастырылғаны, ал мемлекетке келген шығынның 49 млн теңгеден асқаны анықталды, – деп жазды департаменттен.
Сот үкімімен үш кінәліге 4 жыл 6 айдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тағы екі кәсіпкерге 4 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы белгіленді.