Түркістан облысында қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін жаңа кәсіпорын іске қосылды. "Sadyk-bereke" ЖШС жүзеге асырған жобаның құны 64 млн теңге, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өндіріс орны жылына 1 мың тонна макулатураны қайта өңдеуге қауқарлы.
Кәсіпорын ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан қалдықтарды қайта өңдеу жобаларының бірі. Оның іске қосылуы өңірде макулатураны өндірістік айналымға қайта тартуға және полигондарға жіберілетін қағаз қалдықтарының көлемін азайтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, "Жасыл даму" АҚ кәдеге жарату төлемінен түскен қаражат есебінен қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 34 жобаны қаржыландыру үшін 122,6 млрд теңге бөлген.
Қазір оның 15-і іске асырылды. Жобалар аясында 131 бірлік арнайы техника сатып алынып, жылына 290 мың тонна қалдықты сұрыптайтын желілер іске қосылды. Сонымен қатар жылдық қуаты 19,3 мың тонна болатын қалдықтарды қайта өңдеу кәсіпорындары пайдалануға берілді.
Бұл бастамалар қалдықтарды қайта өңдеу көлемін ұлғайтып, полигондарға көмілетін қоқыс мөлшерін азайтуға және қайталама шикізатты экономикалық айналымға енгізуге бағытталған.