"Ақбикештен" айырылып қалдық

Ол XII-XIII ғасырларда тұрғызылған ең көне ешкерткіштердің бірі еді.  

"Ақбикештен" айырылып қалдық Фото: Созақ ауданы әкімдігі

Түркістан облысы, Созақ ауданында орналасқан тарихи жәдігер – Ақбикеш мұнарасының бір бөлігі опырылып түсті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Ғасырлар бойы ашық аспан астында табиғи құбылыстарға төтеп беріп келген көне мұнара соңғы жылдары жаңбыр мен қар суынан әжептәуір бүлінген-ді. 

Тарихшылар мен қоғам белсенділері қанша дабыл қаққанымен, ескерткішті сақтап қала алмады.  
Әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Жылбек Керімбек бұл жағдайдың алдын алу мүмкін болғанын айтып отыр.

– Бұған дейін талай рет дабыл қақтық. Төбесін жауып, жаңбыр мен қар суынан сақтау қажеттігін айттық. Бірақ шара қолданылмады. Ақыры жауын-шашын дуалдарды мүжіп, мұнараны құлатты. Бұл – біздің тарихи мұрамызға жасалған қиянат, – деді ол.

Ал Мәдениет қайраткері Төреғали Ташеновтің сөзінше, мұнара жөндеу көрмей, сол қалпында тұрған жағдайда әлі де ғасырларға шыдас беруі мүмкін еді. 

– Жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеді. Төбесі ашық қалды, ал жауын-шашын ғасырлар бойы мызғымаған құрылымды бұзды. Егер ескерткішке мүлде тиіспесе, ол әлі 100 жыл тұрар ма еді? – деді ол.

Созақ ауданы әкімдігі аталған жағдайға байланысты пікір білдірді. 

– Ақсүмбе елді мекенінде орналасқан "Ақбикеш" мұнарасындағы жағдай бойынша төмендегіше хабарлаймыз!

"Ақбикеш" мұнарасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық дәрежедегі ескерткіштер тізіміне енгізілген.

"Ақбикеш" мұнарасына 2020 жылы "Қазреставрация" ғылыми зерттеу және жобалау мемлекеттік мекемесінің Қызылорда филиалы тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Тапсырыс беруші – Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрлігі.

2025 жылдың 25-26 қаңтарда ауа райының қолайсыздығына байланысты қар мен жаңбырдың салдарынан мұнараның бір шеті тағы құлаған. Тарихи жәдігердің қазіргі жағдайы туралы дер кезінде аудан әкімі тарапынан облыстық мәдениет басқармасына шұғыл хат жолданған, – дейді әкімдік. 

Қазіргі уақытта тарихи нысанның болашағына қатысты нақты шешім қабылданбаған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу