Түркістан облысының әкімдігі ескі үйлерді қымбатқа сатып алуда

1364

Есеп комитеті республикалық бюджеттен өңірге бөлінген қаражаттың қаншалықты тиімді игерілгеніне қатысты жүргізілген тексерістің қорытындысын жариялады.

Түркістан облысының әкімдігі ескі үйлерді қымбатқа сатып алуда

Түркістан облысының әкімдігі осыдан 47 жыл бұрын салынған ескі үйлерді көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар үшін қымбатқа сатып алып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мемлекеттік аудит 2018 жылғы 1 шілдеден 2020 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүргізілген. Жекелеген мәселелерді талдау үшін 2017-2020 жылдар қамтылған.
Есеп комитетінің қорытындысына сәйкес, Мақтаарал ауданы Құрылыс бөлімі жеке тұлғалармен үйлерді сатып алу-сату шарттары бойынша сатып алынған 50 үйдің нарықтағы құнының негізділігіне байланысты мәселе бар. Бұл үйлер 2020 жылы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар үшін сатып алынған.

"Жаңа 38 бірдей үйдің (салынған жылы, ауданы бірдей) құнын қалыптастыруға әсер еткен коэффициенттерді есептеу кезінде дәйексіздікке жол берілген. Олардың бағасы – 8,5-9 млн теңге аралығында. Сондай-ақ 1975-2006 жылдары салынған 12 үй 8,5-9 млн теңгеге бағаланған, бұл жаңа үйдің бағасына тең. Осылайша, үйлер салынған жылы мен ауданына қарамастан 8,4 млн теңгеден сатып алынды", - дейді мемлекеттік аудиторлар.

Түркістан облысының құрылыс бөлімі мақсатты трансферттерді игеру барысында бюджеттік заңнама саласында бірқатар заңбұзушылыққа жол берген. 

Облыс орталығын Шымкенттен Түркістан қаласына көшіру барысында мемлекеттік қызметкерлер үшін қызметтік тұрғын үй сатып алуға 2019 жылы бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер 100% игерілген. Алайда мемлекеттік аудит жүргізілген кезде бұл үйлерде қызметкерлер тұрмаған.

Мысалы, Түркістан облысының құрылыс бөлімі 12 тұрғын үйді 5 млрд теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Алайда мемлекеттік аудит барысында құны 302,1 млн болатын 24 пәтерлі "Арман" тұрғын үй кешенінде адамдар тұрмағаны анықталды. Себебі, үйге инфрақұрылым мен коммуникация тартылмаған.

2020 жылы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар үшін коммуналдық тұрғын үй қорына үй сатып алуға бюджеттен бөлінген нысаналы трансфертті 100% игергергеніне қарамастан өткен жылы 1 тамыздағы жағдай бойынша үй кезегінде тұрған 3330 адамның 238-і (7%) әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген. 

Себебі, әкімдік көшірілген мемлекеттік қызметкерлер мен тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар үшін санитарлық нормаларға сай келмейтін, әрі пайдалануға берілмеген 184 пәтер сатып алған.

"2020 жылы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды тұрғын үйлерге қоныстандыру, әрі "Арман" тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарда болмаған. Салдарынан үй сапасының төмендеуіне байланысты тәуекел туындайды. Сонымен қатар 2021 жылғы 8 айда жалға берілмеген 160 пәтерден төлемдердің түспеуінен 5,3 млн теңге көлемінде экономикалық шығын келген", - дейді мемлекеттік аудиторлар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу