Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды дәрігерлерге 15 жедел жәрдем автокөлігін тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Өңірде медицина саласын дамытуға қолдау көрсетілуде. Облыстық жедел жәрдем қызметіне 15 дана жедел-жәрдем автокөлігі тапсырылды. 2020 жылы 122 автокөлік беріліп, жедел жәрдем автокөлік паркі 96% жаңартылған болатын. Бұл игілікті іс мемлекет тарапынан лайықты қолдау тауып, өз кезегімен жалғасын табады. Көліктеріңіз елдің денсаулығын жақсартуға септігін тигізе берсін! Салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін", – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы Түркістан облысы бойынша жедел медициналық жәрдем стансасының 5 бекеті және 17 бөлімшесі, жалпы 22 нысаны бар. Қызмет көрсету радиусы 100 км шақырымды құрайды, рациямен толық қамтамасыз етілген. Санитарлы автокөліктердің барлығы GPS навигациясымен 100% қамтылған. Түркістан облысы бойынша ЖМЖС-да 140 жедел жәрдем бригадасы бар, оның 34-і дәрігерлік болса, 106 фельдшерлік бригада елге қызмет етіп жатыр.