Түркістан облысында полиция қызметкерлері Шардара су қоймасында заңсыз балық аулаған жергілікті тұрғынды ұстады, деп жазады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі. Табиғат қорғау инспекторлары полиция бөліміне Шардара су қоймасының жағасында браконьерлік фактісі анықталғанын хабарлады.
Оқиға орнына келген Шардара ПБ полицейлері заңсыз балық аулаумен айналысқан Шардара қаласының тұрғынын ұстады. Айғақты зат ретінде тәртіп сақшылары қайық, тор және басқа да балық аулау құралдарын, сондай-ақ 120 келіге жуық түрлі тұқымды балықты тәркіледі.
Аталған жайт Шардара аудандық ПБ СДТБТ-де ҚР ҚК 335-бабы "балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру" бойынша тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде азаматтарды табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға, табиғатты аялауға және браконьерлік пен табиғи ресурстарды заңсыз өндіру үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын есте сақтауға шақырады.