Түркістан облысы Сайрам ауданында жалпы аумағы 100 гектар болатын 7 қарқынды отбасылық алма бауы құрылды. Қосымша 17 гектар жерге бауға қажетті инфрақұрылымдық жүйелер енгізілді. Яғни, бау-бақша айналасында сорғы, сүзгілеу станциялары, коммуналдық ғимарат, жол, қоймалар, өткізу пункті, құдық және т.б. қарастырылған. Жобаның жалпы құны - 2 097,3 млн теңгені құрайды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, алма бағы жылына 4 500 тоннаға дейін өнім беруге қауқарлы. Бұл отбасылық бақтарда алманың Гала, Голден Делишес, Фуджи, Гренни, Смит сорттары M9 тамырына отырғызылған.
Интенсивті отбасылық бақтарға қажетті құрал-жабдықтармен қамтуды "DALA-FRUIT.KZ" ЖШС-гі жүзеге асырған.
Айта кетейік, бұл жобалар Түркістан облысы инвестиция және экспорт басқармасына қарасты "ОҢТҮСТІК" аймақтық инвестициялық орталығы арқылы жүзеге асырылып отыр.