Түркістан театрына Райымбек Сейтметовтің есімі берілді

1041

Түркістан театрына Райымбек Сейтметовтің есімі берілді

Түркiстан қаласының сазды-драма театрына ҚР халық әртiсi, профессор Райымбек Сейтметовтiң есiмi берiлдi, деп хабарлайды inform.kz. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, үкiмет осы мәселе жөнінде арнайы қаулы шығарған.

"Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы атанған жылы Райымбек Сейтметовтің өзі құрған өнер ошағына оның есімін беру – Ұлы дала елінің ұлыларын ұлықтау", – дейді Нұрболат Ахметжанов.

Айта кетейік, кезінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетiнiң ректоры Мұрат Жұрыновтың қолдауымен оқу орнынан "Өнер" бөлiмi ашылды. Сол бөлімге Алматыдан театр тарланы Райымбек Сейтметов келіп, талай жасты өнерге баулыды.

"Түркiстанның рухын көтеру үшiн ең әуелi сол жердiң рухани игiлiгiн жасауымыз қажет. Елiмiз егемендiк алды, Түркiстан қайта түлейді деп жастайымнан бауыр басып қалған Алматыны, атақ-абыройына ие болған өнер ордасын тастап, туған жерге тартып кетуiмнiң басты себебi де сол болатын. Түркiстан қайта түлеп, iргесiн кеңiтiп жатқанда соның бiр шегесi болып қалғым келдi...", – деп Алматыны не үшін тастап келгенін түсiндiрген едi сахна саңлағы.

Өзi тәрбиелеп, баулыған шәкiрттерiнен театр труппасын жасақтады. Елбасыға хат жазып, қаншама мекеменiң табалдырығын тоздырып жүрiп, Түркiстандай киелi шаһарда театр құрды. Өзi құрған театрдың iргетасын қалап, қайталанбас қойылымдар қойды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу