Түркістан Түркі әлемінің рухани астанасы болып ресми таныла ма?

274

Қаладағы ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігі бюджеттен өтелуі мүмкін. 

Түркістан Түркі әлемінің рухани астанасы болып ресми таныла ма? Фото: Алаш ақпарат

Депутат Ұласбек Сәдібеков Мәжілісте Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасының таныстырылымы барысында мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Баяндамаңызда Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымы мен Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тану деп айттыңыз. Сонда Түркістан қаласы ресми түрде Түркі әлемінің рухани астанасы болып бекітіле ме? Бұл Түркі әлемдеріне жататын басқа мемлекеттермен келісіліп істелінетін жұмыс қой. Екіншіден, мәслихат пен әкімдіктің құзыреті жөнінде айтып өттіңіз. Бұл қазіргі уақыттағы Түркістан қаласы әкімдігі мен мәслихатының құзыретіндегі бар нәрселер сияқты. Соның ішінде көп мәселе қаржыға байланысты болады. Мәслихаттың да, әкімдіктің де құзыреті ұлттық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу  қағидалары деген мәселеге тоқталсаңыз", - деді Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков.

Мәжілісмен қолөнершілердің шығыны қаланың бюджетінен өтеле ме деп сұрады.

"Түркі әлемінің рухани астанасы деген заң аясында емес, 2021 жылы Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының саммитіндегі хаттамада көзделген. Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани астанасы деп танып отырғаннан кейін ғана барып ерекше мәртебе беру бойынша заң қабылдауды  жалғастырып отырмыз. Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебені заңда беріп отырған жоқпыз, бұл саммит негізінде қабылданған шешім", - деді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.

Бұдан бөлек ол Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына берілетін құзыреттерге де тоқталды.

"Бір қарағанда қазіргі бар функциялар болып көрінуі мүмкін. Бірақ мен атап өткен функциялардың барлығы да облыстық мәслихаттың деңгейіндегі функциялар. Осыларды Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихаты деңгейінде түсіріп отырмыз. Қолөнершілердің шығынына келер болсақ, ресми тіркеліп отырған қолөнершілердің саны көп емес. 39-ға жуық қолөнерші бар. Олардың шығындарының белгілі бір бөлігін, құрал-жабдыққа, кеңсесіне қатысты шығындарының 25-35 пайызына дейін қалалық бюджет есебінен өтеп беруді көздеп отырмыз. Ол қала әкімдігімен де келісілді. Алдын ала шығындардың жобасы да есептелді. Жыл сайын кемінде 88,5 млн теңгедей қосымша қалалық бюджетке шығын ретінде болады", - деп жауап берді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу