Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл егіс құрылымы судың нақты лимитіне байланысты бекітілді. Біз Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облысында шаруашылықтармен кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бүгінгі таңда Түркістан және Қызылорда облыстарында күріш пен мақтаның егіс алаңдары бекітілді. Жалпы айтқанда, биыл Қызылорда облысының күріш алқабы индикатор бойынша 77 мың гектар болу керек еді. Тағы 10 пайыз түсіріп, 73 мың гектарға дейін жеткіздік. Ал Түркістан облысында 3,5 мың гектарға дейін төмендетілді. Осыдан екі жыл бұрын су үнемдеу технологиясы енгізілген мақта алқабында 2,5 мың гектар болған", – деді Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында.
Екі жылдың ішінде бұл көрсеткіш 50 мың гектарға жеткен.
"Соның арқасында өнімді де жақсы алып отырмыз, екіншіден, биыл тағы 15 мың гектарға қосымша су үнемдеу технологиясы тамшылатып суаруға қосылады. Сонда жалпы 65 мың гектар су үнемдеу технологиясы болады. Бұл мәселе біздің бақылауда. Ал енді ақпан айының аяғында лимит болжамы көбейетін болса, облыстармен қайта қарастыруға қосымша жұмыс жасаймыз, – деді министр.