Бүгін әз-Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні. Еліміздің әр түкпірінде тойланып жатыр. Түркістандықтар да бүгін ұлыс күнін тойлауды таңертеңнен бастап кетті, деп хабарлайды 24.kz.
Бүгін ауа райы да тамылжып тұр. Орталықтағы Есімхан алаңында мерекелік шаралар қызып жатыр. Кесене маңындағы ақшаңқан киіз үйлер тігілген этноауылда да наурыз думанның көрігі қызған. Мерекелік шараға жиналған халық алдымен Есімхан алаңында тіршіліктің бастуы – көктемнің көрінісіне арналған "Наурыз думан" театрландырылған қойылымын тамашалады. Одан кейін түркі халықтарының "Наурыз" керуені орталық көше бойымен жүріп өтіп, этноауылға келеді.
Сән-салтанаты жарасқан, сал-серілерден құралған керуен халыққа Наурыз мерекесінің келгенін паш етті.
Жалпы Наурыз бүкіл шығыс халықтарына ортақ мереке болғандықтан, барлық ұлттың өкілдері тойлап жатыр. Қазақша күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындар наурыз-думанның ажарын ашып, салтанатына сән берді.
Наурыз мерекесі Түркістан қаласынан бөлек, облыстың барлық аудан-қалаларында да кеңінен тойланып жатыр. Өңірлердегі саябақтар мен алаңдарда және арбаттар да мерекелік бағдарламалар жалғасып жатыр.
Жалпы наурыз мерекесін еліміз алғаш 1988 жылдан бастап ресми түрде атап өте бастады. Облыс тұрғындары мен қала қонақтары наурыз көже, палау сияқты тағамдарды тегін ішіп-жеп, алғыстарын айтты.
Қалалық мәдениет бөлімі мамандарының айтуынша, мың литрге жуық наурызкөже, 2 тонна палау мен бауырсақ пісіріліп, халыққа тегін таратылып жатыр. Одан бөлек, Арбат алаңында түркітілдес халықтардың қолөнер шеберлері жасаған түрлі ұлттық бұйымдардың, суретшілердің және ұлттық тағамдардың көрмесі ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Түркістан облысында көктем мерекесі 14 наурыздан басталды. Әр күнге әр түрлі ат беріліп, мағыналы әрі мазмұнды іс-шаралар мен жалпы халықтық серуендер өтті. Көшеттер отырғызылып, қаланы көркейту жұмыстары жанданды. Ұлттық киім мен дәстүрлі ән-күйлеріміз кеңінен насихатталды.