Түркістанда 100 оқушыға грант берілді

865

Түркістанда 100 оқушыға грант берілді

Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінде IV Республикалық "Ясауи" пәндік олимпиада қорытындысы жарияланды. Үздік деп танылған 100 оқушыға грант берілді, деп хабарлайды Baq.kz.

Республикалық олимпиадаға 14 облыстан және Астана, Алматы қалаларынан 7 мыңға жуық 11 сынып оқушысы қатысты. Жасөспірімдер 11 пәннен білімін сарапқа салып, тек үздіктері жеңіске жетті.

Олимпиаданы қорытындылаған университет ректоры, профессор Уәлихан Әбдібеков және университеттің Даму және қаржыландыру жөніндегі вице-президенті М.Эрен жеңімпаздарға 1, 2, 3-дәрежелі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің білім гранты дипломын табыстады. Өз білімдерімен оқ бойы озып шыққан 100 грант иегеріне ҰБТ-дан 50 баллдан жоғары жинау шартымен Ахмет Ясауи университетінде тегін білім алу құқығы берілді.

"Бүгінгі бәсекеден университет грантына ілікпей қалған қатысушыларға да үлкен жеңілдіктер қарастырылып отыр. Егер сіз мемлекеттік грантты иелене алмасаңыз, ҰБТ-да жинаған 50 ұпаймен осы сертификатпен ақылы негізде 25 пайыздық жеңілдікпен білім ала аласыздар", – деген профессор Уәлихан Әбдібеков барлық жеңімпаздарды құттықтады.

Университеттің баспасөз қызметі хабарлағандай, грант жүлдегерлері білім додасының әділ нәтижесіне ризашылығын білдіріп, ерекше қуанышын жеткізді. Университеттің жетістіктері мен кампусының салтанатына қаныққан оқушылар, оқу орнының студенті болуды өздеріне мақсат ететінін де жасырмады.

Айта кетейік, 3 айға жалғасқан олимпиаданың І іріктеу кезеңі – online түрда 2017 жылдың 1-4 наурызы күндері өткізіліп, жалпы 6600 оқушы қатысты. ХҚТУ базасындағы ІІ кезеңге 2351 оқушы өтіп, ақтық білім сайысында 1200 оқушы бақ сынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу