Түркістан облысында сәулеттік жобалар жөніндегі кеңестің отырысында өңірдің сәулеттік келбетін жақсартуға, туристік әлеуетін арттыруға және инвестиция тартуға бағытталған 11 жоба қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жобалардың сапасына, заң талаптарының сақталуына және сәулеттік шешімдердің өңірдің ерекшелігіне сай болуына назар аударды. Ол заңсыз құрылысқа жол бермеуді және мақұлданған жобалардың жүзеге асырылуын бақылауда ұстауды тапсырды.
Отырыста Сарыағаш теміржол вокзалы аумағын абаттандыру жобасы және "Түркістан – Қарнақ" туристік маршруты аясындағы ашық аспан астындағы археологиялық парктің сәулеттік тұжырымдамасы таныстырылды.
Сондай-ақ Түркістан қаласындағы көне Арбат пен теміржол вокзалы маңын абаттандыру және көгалдандыру жобалары қаралды.
Жеке инвесторлар қалада жалпы аумағы 1,6 гектар болатын сауда-ойын-сауық орталығын, жанармай құю станциясын, автокөлікті кешенді күтіп-баптау орталығын, мейрамхана мен қонақ үй салу жоспарларын ұсынды.
Бұдан бөлек, құны 4,8 млрд теңге болатын Түркістан медициналық туризм орталығын салу жобасы таныстырылды. Нысан толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылмақ.
Кеңесте шығыс сәулеті мен ұлттық нақыш үйлескен таунхаус кешенінің жобасы да қаралды.
Жобалар бойынша инвесторлар мен жауапты тұлғаларға ұсыныстар беріліп, мақұлданған нысандардың сапалы әрі заң талаптарына сай салынуы бақылауға алынды.