Түлкібас ауданында атыс кезінде жасөспірімнің қаза болуына қатысты сот үкімі шықты. Оқиға кезінде 17 жастағы Төрехан Төреәлі көз жұмып, тағы үш адам жарақаттанған. Сот алдында алты айыпталушы жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Басты айыпталушыға қылмысты қайталап жасағаны ескеріліп, 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Тағы екеуінің әрқайсысы 18 жылға сотталды.
Қылмысты жасыруға қатысы бар екі айыпталушының бірі 3 жылға, екіншісі 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы бір сотталушыға 2 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Алайда оған рақымшылық қолданылып, сот залынан босатылды.
Үш айыпталушы оқиға орнына келіп, жәбірленушілерге қарудан оқ атқан. Қалғандары шабуылға тікелей қатыспағанымен, қару қолданылатынын алдын ала білген және бұл туралы полицияға хабарламаған.
Іс бойынша жетінші күдіктіге іздеу жарияланды. Қаза болған жасөспірімнің туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғадан бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, ол әлі ұсталған жоқ.
Төреханның туыстары сот үкіміне жалпы қанағаттанғанымен, сотталушылардың бірінің рақымшылыққа ілініп, босатылғанына наразылық білдірді. Қаза болған жасөспірімнің анасының айтуынша, іс бойынша басты айыпталушы Самат Шоқанов одан кешірім сұраған.