Түркістанда 2 жасар баланы құтқарған полицей марапатталды

496

Түркістанда талмасы ұстап қалған 2 жасар баланың өмірін сақтап қалған полицей Ерік Ақмолдаев марапатталды, деп хабарлайды inbusiness.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Түркістанда 2 жасар баланы құтқарған полицей марапатталды Фото: polisia.kz

2 жасар баланың өмірін сақтап қалған полицей Ерік Ақмолдаев – Түркістан қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы. Аталмыш ерлігімен көзге түскен полицейді облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов қабылдады. Міндетін адал атқарып, кішкентай баланың өміріне араша болған полицей "Қазақстан Полициясына 30 жыл" төсбелгісімен және алғыс хатпен марапатталды.

"Бала – біздің болашағымыз. Осы орайда біздің әрқайсымыз олардың тыныш өмірі мен тәтті күлкісі үшін бәрін беруге дайынбыз. Ал бүгінгінің батыры  - Ерік адам өмірі бәрінен де маңызды екенін іс-әрекетімен дәлелдеді. Жедел шешім қабылдап, өзгелерге үлгі бола білді. Біз сенімен мақтанамыз! Әрқашан осылай халықтан алғыс алып, абыройың асқақтай берсін", деп алғысын білдірді М.Қабденов.

Еске салсақ, аталған оқиға Түркістан қаласында болды. С.Ерубаев көшесінде күнделікті жұмысын атқарып тұрған полицейдің жанына белгісіз әйел келіп, ұлының аяқасты ауырып, талып қалғанын айтып, көмектесуін сұраған. Мұны естіген полицей шұғыл әрекет етіп, баланы аман алып қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу