Облыс тұрғыны жұбайы мен 4 баласының үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткенін айтып, полицияға арызданған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Хабарлама түскеннен соң Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, жедел іздестіру шараларын бастап кетті.
Із-түзсіз кеткен әйелдің жанында 6, 5, 3 жастағы және 10 айлық балалары болған.
Полицейлер ауданның кіреберіс және шығаберіс бағыттарына бақылау бекеттерін қойып, көліктерді жіті тексерген. Тіпті, көршілес аумақтарға да бағдар жолданып, іздеу жұмыстары күшейтілген режимде жалғасқан.
– Жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде анасы мен балалары таксимен келе жатқан жерінен анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында әйелдің жолдасымен арадағы тұрмыстық келіспеушіліктен кейін ренжіп, балаларын және құжаттарын алып, Шымкент қаласына кеткені белгілі болды. Ол жерде ешкімге хабар берместен, жалдамалы пәтерде тұрған, – делінген хабарламада.
Бүгінде ерлі-зайыптылардың туған-туыстары шақырылып, тараптар өзара келісімге келген.
Анасы мен балалары үйіне аман-есен оралған.