Түркістанда 4 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы салынды

292

4 мың тонналық азық-түлік сақтау қоймасының жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайды.

Түркістанда 4 мың тонналық көкөніс сақтау қоймасы салынды Фото: canva.com

Жаңадан салынған қоймада 3,5 мың тонна көкөніс және 500 тонна бакалея өнімдері сақталады. Мұндағы өнімдер Түркістан, Кентау және Арыс қалаларының тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз етеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Жоба "Түркістан" ӘКК" АҚ және "М-Адал" компаниясының қолдауымен салынған. Аумағы 1 гектар, ал ауданы 3,2 мың шаршы метрді алып жатыр.

Жалпы қоймада 10 камера бар. Оның 8-інде көкөніс сақталады. Атап айтар болсақ, 2 000 тонна картоп, 1 000 тонна пияз, 250 тонна сәбіз және 250 тонна қырыққабат жинауға қауқарлы. Ал, екі камера 500 тонна бакалея өнімдерін сақтауға арналған.

Алдағы уақытта Сарыағаш қаласынан 3 мың тонналық азық-түлік сақтау қоймасын салу жоспарланып отыр.

Ол Ленгер, Жетісай, Шардара, Сарығаш қалаларының тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз етеді.

"ҚР Ұлттық экономика министрлігі берген статистикалық мәліметке сәйкес Түркістан қаласы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік баға индексі бойынша Қазақстанның қалаларының ішінде 3-орында тұр. Республика бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік баға индексі 99,9 пайызды құрады", – делінген Түркістан облысы әкімдігі таратқан ақпаратта.

Бүгінде өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік дүкендердің санын көбейту жұмыстары жүріп жатыр.

Төлеби, Арыс, Сарыағаш, Жетісай, Шардара аудандарындағы ірі сауда орындарында әлеуметтік бұрыштар ашылып, тұрақтандыру қоры қоймасынан азық-түлік өнімдері жеткізілуде. Ал, Түркістан қаласында әлеуметтік дүкендер санын көбейту мақсатында жаңадан 17 дүкен салынды.

Қазір қалада жалпы 36 әлеуметтік дүкен бар. Оның тоғызы "Түркістан" ӘКК" АҚ есебінен салынса, сегізін жеке кәсіпкерлер өз қаражаты есебімен іске қосқан. Сондай-ақ, "Түркістан" ӘКК" АҚ жаңа қала мөлтек ауданынан қосымша 6 әлеуметтік дүкен салып, пайдалануға берді.

"Жыл басынан бері аптасына 2 рет сейсенбі және бейсенбі күндері Түркістан қаласындағы "Қуаныш" және "Алтынбұлақ" базарларында азық-түлік жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Онда тауарлар базар бағасынан 20-30 пайызға арзан сатылымға шығуда. Сондай-ақ "Түркістан" ӘКК" АҚ-на қарасты 36 әлеуметтік дүкенде және 4 ірі сауда үйлері мен 25 сауда орында ұйымдастырылған әлеуметтік бұрыштарда 19 түрлі азық-түлік тауарлары сатылуда. Алдағы уақытта Түркістан қаласында әлеуметтік дүкендерді 50-ге дейін ұлғайту жоспарланып отыр", – делінген әкімдік ақпаратында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу