Сондай-ақ, миллиондаған берешегі бар 20 борышкерге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары да жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Түркістан облысы прокуратурасы мәлімдеген. Осы күні 21 азаматқа қатысты "балаларын күтіп-бағу жөніндегі міндеттемесін орындамады" деген айыппен (ҚК 139-бабы) қылмыстық іс тіркелген.
– Қазіргі уақытта Түркістан облысының аумағында алимент төлеуге міндетті шамамен 19 мың борышкер бар. Аталған бағыттағы жұмыс облыс прокуратурасының тұрақты бақылауында, – деп жазылған ресми хабарламада.
Түркістанда соңғы 4 жыл бойы борышкер Ж.Эргашев алимент бойынша міндетін орындамай, алимент төлеуден қасақана жалтарған. Оның 5 миллион теңге қарыз берешегі қалыптасқан. Соттың үкімімен Ж.Эргашев ҚК 139-бабымен кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып отыр.
Облыста осыған ұқсас 65 миллион теңге алимент берешек қарызы қалыптасқан 20 борышкерге қатысты да сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.