Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев "Қала күні" мерекесінің қарсаңында "RIXOS KHADISHA TURKESTAN" бес жұлдызды қонақ үйінің капсуласын салу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
120 орынға шақталған қонақ үй 3 гектар аумақта бой көтереді. 6 қабаттан тұратын ғимаратта 3 бірдей мейрамхана, кинотеатр және іскер топ өкілдері үшін бизнес орталықтар жоспарланған. Жобаның жалпы құны 10 млрд. теңгені құрайды. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, облыс әкімі "ROYAL GRAND HOTEL" қонақ үйінің ашылуына қатысты. 2016 жылы құрылысы басталған ғимараттың жалпы аумағы 1,5 мың шаршы метр. Қонақ үй тәулігіне 60 адамға қызмет көрсетеді.
Заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған қонақ үй кешенінде кіші маркет, шаштараз, дәмхана, монша және дәріхана жұмыс істейді. Одан бөлек, мұнда қонақтарға арналған жеке автотұрақ қарастырылған.