Түркістанда ауыр дертпен комаға түскен 5 жасар қыздың анасы министрге үндеу жасады

828

Қыздың анасы бүлдіршінді елордада немесе Алматыдағы дәрігерлер емдесін деп талап қойды. 

Түркістанда ауыр дертпен комаға түскен 5 жасар қыздың анасы министрге үндеу жасады Фото: Otyrar.kz

Түркістан облыстық ауруханасында жатқан 5 жасар науқастың анасы денсаулық сақтау министріне шағымданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Otyrar.kz порталына сілтеме жасап.

Кішкентай науқас Түркістан облыстық балалар ауруханасында жатыр. Оның миында ісік бар, ота жасауға келмейді. Енді анасы бүлдіршінді елордада немесе Алматыдағы дәрігерлер емдесін деп талап қойды.

"Қызым қазір облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы күннен күнге нашарлап барады. Мен оны Астанаға немесе Алматыға ауыстырып, үздік дәрігерлерге қаралуын сұраймын. Министрімізден көмек сұраймын, қызыма көмектесіңізші!" – дейді баланың анасы.

Қыз комада жатыр, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оны тасымалдау қауіпті дейді.

"Республикалық орталықтармен телемедицина бойынша кеңес өткізілді. Оған бас балалар онкологы кеңес берді. Қазіргі уақытта ми бағанасына зақым келіп, жүрегі тоқтап қалу қаупіне байланысты баланы тасымалдауға болмайды", – дейді Түркістан облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімі бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Туысбеков.

Аружанға бір жыл бұрын ауыр диагноз қойылып, Астананың ана мен бала ғылыми орталығында ем қабылдаған. Кішкентай науқас сәулелік терапия курсынан өтіп, Шымкентке консервативті емдеуге жіберілді. Бірақ ақпан айының басында қыз қайтадан бас ауруына шағымдана бастаған екен.

"Диагнозы өте ауыр,  ол бақылауда және қазір мен пациентке Астанадан дәрігер жібереміз деп жаздым", – дейді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Қазір ол синдромалды терапиядан өтіп жатыр. Дәрігерлер ешқандай болжам жасаған жоқ. Жағдайы жақсарса, елордаға жеткізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу