Түркістанда бір үйдің бес адамы иіс тиіп қайтыс болды

3433

Оқиға бүгін болған.  

Түркістанда бір үйдің бес адамы иіс тиіп қайтыс болды

Тұрғын үйдегі мәйітті көршілері тауып, кешкі 18.35-тер шамасында облыстық Төтенш жағдайлар департаментінің кезекші-диспетчерлік қызметіне хабарласқан, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Белгілі болғаны, үй ішінде кәмелет жасына толмаған төрт баланың және олардың анасының мәйіті табылды. Олар: 1980 жылы дүниеге келген анасы және 2004, 2006, 2013, 2016 жылы туған балалары. Олар иіс тиіп қайтыс болған. Отағасы кәсіпкерлікпен айналысады, оқиға болған кезде емделу мақсатында Шымкент қаласында болған.

Оқиға орнына барған төтеншеліктердің мәліметінше, үй ішінде өрт болғаны байқалмаған. Үйде табиғи газбен жылыту жабдығы орнатылған. 

Түркістан облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы  Өмірзақ Шөкеев пен Полиция департаменті және ТЖД бастығы, Түркістан қаласының әкімі оқиға орнына барды. Облыс әкімі оқиғаның тергеу барысын жеке бақылауына алып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты және жауаптыларға отбасына психологиялық және материалдық көмек көрсетуді тапсырды.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбаевтың басшылығымен арнайы комиссия құрылды.  

Айта кетейік, Төтенше жағдай департаментіне қалалар мен аудандардың әкімдіктерімен бірлесіп, барлық жерде жылыту жүйесін тексеруді және жылыту жүйелерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау  бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды.

Жансая Тәуекелқызы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу