Іс-шараға 50-ден астам отандық және шетелдік әлеуетті инвестор қатысып, өңірде жүзеге асырылады деп жоспарланған инвестициялық жобалар талқыланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кеңес барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, экотуризмді дамыту, табиғи аумақтарды сақтай отырып туристік инфрақұрылымды жетілдіру және инвестиция тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасының экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ұлттық парктердің туристік әлеуетін тиімді пайдалану, халықаралық деңгейдегі экотуризм нысандарын қалыптастыру және тұрақты туризм қағидаттарын енгізу бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Оның айтуынша, бұл бастамалар өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті экономиканы дамытуға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды.
Кездесу барысында "Сайрам-Өгем" ұлттық паркінің аумағында жүзеге асырылады деп жоспарланған бірқатар инвестициялық жоба ұсынылды. Атап айтқанда, Біркөлік шатқалында экологиялық, отбасылық және белсенді туризмді дамытуға арналған демалыс аймағын салу жобасы таныстырылды.
Сонымен қатар Қасқасу шатқалында туристік-рекреациялық кешен салу және Сайрамсу шатқалында туристік инфрақұрылым қалыптастыру жөніндегі бастамалар қаралды.

Сондай-ақ Төлеби және Түлкібас аудандарында халықаралық стандарттарға сай туристік апарт-кешендер салу жоспарлары ұсынылды. Жобалар аясында апартаменттер, бутик-қонақүйлер, демалыс аймақтары, қоғамдық кеңістіктер мен сервистік нысандар салу көзделген.
Кеңесте KASKASU халықаралық тау шаңғысы кластерінің тұжырымдамасы да таныстырылды. Жоба Түркістан облысын Орталық Азиядағы жетекші тау туризмі орталықтарының біріне айналдыруға бағытталған. China Construction Sixth Engineering Bureau Corp. LTD компаниясымен бірлесіп жүзеге асыру жоспарланып отырған жоба аясында халықаралық стандарттарға сай тау-курорттық инфрақұрылым қалыптастыру көзделген.
Жоба шеңберінде туристік ауылдар, қонақүйлер, отбасылық демалыс аймақтары, спорт және ойын-сауық нысандары, сондай-ақ заманауи аспалы жолдар салу жоспарланған. Курорттың жыл бойы жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптастырылып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыру көзделуде. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 172 млрд теңгені құрайды.
Кеңес қорытындысы бойынша Нұрлыбек Нәлібаев экотуризм табиғатты қорғау мен экономикалық дамуды ұштастыратын маңызды бағыт екенін атап өтті. Оның айтуынша, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде құрылыс сапасына, экологиялық талаптардың сақталуына және белгіленген мерзімдердің орындалуына ерекше назар аудару қажет.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, экотуризм экономиканың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Бұл – табиғи байлығымызды сақтай отырып, оны ел игілігіне тиімді пайдалану жолындағы маңызды бастама. Сондықтан барлық ұсыныс мұқият зерделеніп, нақты есептелген әрі жүзеге асатын жобаларға басымдық берілуі тиіс. Біз бастамашыл және жауапты инвесторларды қолдауға дайынбыз. Ең бастысы – сапалы нәтижеге қол жеткізу және жобаларды уақтылы жүзеге асыру", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда инвесторлар жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әрбір жоба нақты міндеттемелер мен белгіленген мерзімдерге сәйкес орындалуы тиіс. Келісімшарт талаптары сақталмаған жағдайда жер учаскесі мемлекетке қайтарылады.
"Бізге әдемі эскиздер емес, нақты нәтиже қажет. Сондықтан әрбір жоба бойынша міндеттемелер мен жүзеге асыру мерзімі нақты белгіленуі тиіс. Егер инвестор өз міндеттемелерін орындамаса, жер мемлекетке қайтарылады", – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жұмыс сапары барысында Нұрлыбек Нәлібаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге тікұшақ арқылы "Сайрам-Өгем" ұлттық паркінің аумағын әуеден шолып, табиғи және туристік әлеуетімен танысты. Табиғи экожүйені сақтау және туристік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар қаралды.
Көшпелі кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға және инвесторларға экотуризмді дамытуға бағытталған жобаларды жедел іске асыру, инвесторлармен өзара іс-қимылды күшейту, ұлттық парктің халықаралық туристік тартымдылығын арттыру және барлық жобалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырылуын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берілді.