Әкімнің баспасөз қызметі хабарлауынша, "Жасыл белдеу" аймағында 2019-2021 жылдар аралығында көшеттер отырғызылып, орман алқабын көбейту арқылы жасыл аймақ қалыптастыру жоспарланған.
"Осы орайда, 2019 жылдың көктемінде 160 мың көшет отырғызылса, күзгі мезгілде 2000 га жерге 478 мың көшет және 300 га тәлімбақта 400 мыңға жуық сеппе көшет отырғызу жоспарда бар",– делінген хабарламада.
Жасыл белдеудің жалпы аумағы 7700 га жерді құрайды. Соның ішінде 7500 га жерге 3,5 млн екпе ағаш пен 500 мыңға жуық бұта егілмек.
"Жасыл белдеу" аймағына кіретін жерлердің орманға жарамсыздығын ескере отырып, аладғы уақытта 7700 га жерде жобалау-іздестіру жұмыстарының төрт кезеңі жүзеге асырылмақ.
"2020 жылдан бастап, ғылыми зертханаларды тарта отырып "Жасыл белдеудегі" тәлімбақта Түркістан қаласының климатына тез бейімделетін екпе көшет және көпжылдық гүлдейтін шөптерді сұрыптау бойынша жұмыстар атқарылады",– дейді өңір әкімдігінен.
Келер жылдың көктемінде тәлімбақта облыста және елімізде жоқ, өзге мемлекеттерде өсетін өсімдіктерді жерсіндіру бойынша тәжірибе жасау жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде кейбір қылқанжапырақ тұқымдас түрлерін Түркістан қаласының айналасындағы "Жасыл белдеуде" өсіру үшін бейімдеу мақсатында жүзеге аспақ.