Түркістанда ер адам жүкті әйелін тексеріп жатқан фельдшерді соққыға жықты

249

Фельдшер ауруханаға түсті. 

Түркістанда ер адам жүкті әйелін тексеріп жатқан фельдшерді соққыға жықты Фото: inbusiness.kz

Түркістанда әйел науқасты қарап жатқан фельдшер соққыға жығылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.

Ақпаратқа сәйкес, медициналық қызметкер шақырту бойынша жүкті әйелдің жағдайын тексеруге келген. 26 жастағы фельдшердің қасында шақырту орнына тәжірибеден өтіп жүрген жас қыз да барған. Жүкті әйелде түсік тастау немесе соқырішек қаупі бар деген күдік болған. 

Ер адам әйелінің ішін фельдшерге ұстауға тыйым салған. Медицина қызметкері практикадан өтіп жүрген жас қызға мұндай процедураны сеніп тапсыру әлі ерте деп түсіндірген. Фельдшер әйелдің ішін тексеріп жатқанда қызғаншақ жұбайы жұдырығын ала жүгірген.

"Фельдшер науқасты қарап, онымен сөйлесті. Сол сәтте әйелдің күйеуі оның басынан жұдырықпен ұрып жіберді, әріптесім құлап, қабырғаға соғылды. Кейін әйелдің жұбайы оны аяқпен тебе бастады", – деді жедел жәрдем станциясында тәжірибеден өтіп жүрген Жанель Қуанышбек.

Медицина қызметкері травматология бөліміне жеткізілді. Жедел жәрдем станциясы бұл оқиға бойынша еңбек инспекциясына жүгінді. Ал полицияға арыз түсірмеген, өйткені зардап шеккен фельдшер күдіктімен татуласқан. Фельдшер ауруханада екі аптадай жатуы тиіс.

"Пациент жабық бас-ми жарақатын, ми шайқалу және көз маңындағы аймақта көгерумен байланысты соққы алған. Қазір науқас қажетті ем қабылдап жатыр. Жағдайы орташа ауыр деп бағалануда", – деді Түркістан қалалық орталық ауруханасының басшысы Бекзат Берденов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу