Биыл үшінші рет ұйымдастырылатын халықаралық шараға отандық және бауырлас түркі, ортаазиялық елдердің, атап айтқанда Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, сондай-ақ Башқұртстан мен Татарстанның білікті мультипликаторлары қатысады.
Байқауға анимация саласында белгілі мамандардан құрылған халықаралық қазылар алқасы төрелік етеді. Жеңімпаздар бірнеше номинация бойынша марапатталады.
Бұдан бөлек, фестиваль аясында шетелдік озық мультипликаторлардың мастер-кластары мен тренингтері жоспарланған. Қатысушылар әлемге танымал 4 маманның дәрісін тыңдап, кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ фестиваль қонақтары Қазақстанның үздік анимациялық киностудиялары көрмесін тамашалайды. Онда киностудиялар анимация жасаудың қыр-сыры мен ерекшеліктерін көрсетіп, жас мамандар үшін тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастырады.
Бағдарлама бойынша, іс-шараның екінші күні түркі елдеріндегі кино өнерінің даму бағыттарына, бүгіні мен ертеңіне арналған дөңгелек үстел өтеді. Шетелдік және отандық анимация саласының мамандары өзара байланыс орнатып қана қоймай, өзекті тақырыптарда пікір алмасып, түркітілдес елдердің анимация саласындағы ынтымақтастығына жаңа серпін бермек.
Түркістандықтар екі күн қатарынан қаладағы ең үздік кинозалдардан еліміздің және түркі елдерінің ең үздік анимациялық фильмдерін тегін тамашалайды.