Түркістанда халықаралық медиа орталық пен интеллектуалды клуб ашылды Түркістан қаласында "TÚRKІSTAN MEDIA" халықаралық орталығы мен "TÚRKІSTAN" интеллектуалды клубы ашылды, деп хабарлайды egemen.kz.
Қазақстандық және шетелдік БАҚ басшылары медиа орталықтың тұсауын кесіп, игі бастамаға сәттілік тіледі. Жас журналистермен және студенттермен кездесіп, пікір алмасты.
Сондай-ақ интеллектуалды клубтың бірінші отырысында алғашқы спикерлер ретінде облыс әкімі Ж. Түймебаев пен танымал публицистер Түркістанның дамуы жөніндегі ойларын ортаға салды.
Қажетті жиһаз, компьютерлермен және ғаламтор желісімен толықтай қамтылған медиа орталықта брифинг және шағын кеңестер өткізілетін болады. Сондай-ақ мұнда Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың студенттерінен құралған ерікті жас журналистер клубы жұмыс істейді.
Медиа орталық арқылы түрік, әзірбайжан, орыс, өзбек, қырғыз тілдерінде ақпарат таратылады. Ақпараттарды ағылшын тілінде де тарату көзделіп отыр. Қасиетті қалаға келген отандық және шетелдік журналистер ақпарат таратуда орталықтың қызметін ақысыз пайдалана алады.
Ал, интеллектуалды клубта түрлі тақырыптарда басқосулар, дөңгелек үстелдер мен ел руханиятына оң ықпал ететін жиындар өткізілетін болады.
Айта кетейік, салтанатты шараға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан және Қырғызстан республикалары ақпарат құралдарының жетекшілері мен өкілдері қатысты.