Бүгін Түркістан қаласында "Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы" атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Жиынға елімізден бөлек Әзірбайжан, Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, АҚШ, Тәжікстан, Үндістан мемлекеттерінен туркологтар мен ғалымдар және дипломатиялық өкілдіктерден де қонақтар келді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани және мәдени орталығына айналу бағытында жұмыстар басталғанын мәлімдеді.
"Таяу уақытта Түркістанда Түркі әлемінің орталығы бой көтереді. Мұнда бүкіл Түркі дүниесінің ойшылдары мен ағартушыларының, ғалымдарының еңбектері қойылып, ғылыми жетістіктері көрсетіледі. Елбасы ұсынған "Түркі әлемінің 100 есімі" жобасын Түркістанда жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Облысымыздың тарихи орындарын "Түркі әлемінің киелі жерлері" тізіміне енгізу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге, Түркістанда Түркі кеңесі жастарының құрылтайын өткізуге де дайынбыз. Қазір жұмыр жер бетінде 200 миллионнан астам түркі тілдес бауырларымыз бар. Егер саяси, ғылыми және рухани бірлігіміз мығым болса, бұл үлкен күшке айналады. Жаһандану заманында біз бірге болып, қиындықтарға бірге төтеп беруіміз қажет. Бүгінгі туркологтардың басқосуы осы сенім үдесінен шығады деген ойдамын. Түркі әлемінің орталығы Түркістанымыз осындай игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайын!", — деді Жансейіт Түймебаев.
Конференцияда Түркістан облысы әкімдігі мен Халықаралық Түркі академиясы арасында ғылыми және іскерлік байланысты нығайту бағытында меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, Халықаралық Түркі академиясы мен Өзбекстан республикасы арасында да келісім жасалды. Алдағы уақытта Түркістан қаласында осы академияның ғылыми орталығы бой көтереді.