Түркістан қаласында 15 мамыр күні "Түркістан-Арена" стадионында XI-ші жазғы Универсиаданың ойындарының ресми ашылу салтанаты өтеді. Айтулы шара ел Тәуелсіздігінің және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ң 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, "Түркістан - түркі әлемінің рухани астанасы" атанып, аталған спорттық шара облыс орталығында алғаш рет өтуде.
"ХІ жазғы Универсиада - спорттың 30 түрінен еліміздің әр түкпірінен мықтыларды біріктірген ауқымды спорттық-бұқаралық жоба. Универсиада аясындағы жарыстар Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Тараз, Қостанай, Өскемен қалаларында өтіп жатыр. Қазіргі таңда 20 университеттің студенттері өзара сайысқа түсуде. Айта кететін жайт, Түркістан қаласындағы XI-ші жазғы Универсиаданың ресми ашылу салтанатында еліміздің 20 жоғары оқу орындарынан құралған арнайы шеру, сахналық көріністер, флешмоб өтетін болады. Аталған спорттық шара "Turkistan" телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілмек", – деді брифингте Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова.
Сондай-ақ, брифингке қатысқан ҚР БҒМ "Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының" бас директоры Тастанбек Есентаев пен Халықаралық дәрежедегі төреші, профессор Әбдісадық Халилаев жарысқа қатысып жатқан командалардың дайындығы өте жоғары екендігін атап өтті.