Салтанатты жиында Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркі елдерінің басын қосқан спорт додасының маңызды екенін атап өтті.
Бұл - Қазақстанның төрағалығымен Түркі мемлекеттері Ұйымының X саммиті өткеннен кейін ұйымдастырылған алғашқы шара.
"Түркістан қаласында өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының студент спортшылары арасындағы ІІ Түркі универсиадасына Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Мажарстан, Қырғызстан және Қазақстаннан 500-ге жуық спортшы қатысуда. Олар шахмат, үстел теннисі, волейбол, дзюдо, футзал, грек-рим күресі, еркін күрес спорт түрлері бойынша жүлделерді сарапқа салады. Сайыстар "OLIMPIC CENTER" спорт кешені мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде өтіп жатыр", делінген хабарламада.