Түркістанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бақылау күшейтіледі

131

Жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді. 

Түркістанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бақылау күшейтіледі Фото: gov.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің экономикалық әлеуетін күшейту, инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы міндеттерді үнемі назарда ұстап келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Президент тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында инвестициялық жобаларды уақытылы әрі сапалы іске асыруға басымдық берілген. Осы мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты қаралды. Басқосуда өңірдегі инвестициялық жобалардың орындалу барысы талданып, "TURAN" арнайы экономикалық аймағының қызметі мен алдағы жоспарлары сөз болды. Облыс әкімі әрбір жобаның өңір экономикасы үшін маңызы зор екенін айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

"Мемлекет басшысы инвестиция тарту мен өндірісті дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр. Әрбір жоба – жаңа жұмыс орны, жаңа өндіріс және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосылатын үлес. Сондықтан ешбір жоба қағаз жүзінде қалмауы керек. Құрылысы тоқтап қалған немесе мерзімінен кешігіп жатқан жобалар бойынша нақты шешімдер қабылдануы тиіс. Егер инвестор өз міндеттемесін орындай алмаса, заң талаптарына сәйкес жер телімі мемлекетке қайтарылып, оны жұмыс істеуге дайын басқа инвесторларға беру қажет. Құрылыс жұмыстары созылмауы тиіс. Әр жоба маңызды, бірақ оның толық әрі уақытында жүзеге асуы бәрінен маңызды", – деді Нұралхан Көшеров.

Жиында облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы "TURAN" арнайы экономикалық аймағының қызметі туралы баяндама жасады. Жалпы аумағы 3603,3 гектарды құрайтын аймақ әкімшілік-іскерлік, тарихи-мәдени және өнеркәсіптік бағыттағы бірнеше қосалқы аумақтан тұрады. 2019 жылдан бері мұнда жалпы құны 1 триллион 263 миллиард теңгені құрайтын 140 инвестициялық жоба тіркелген. Бұл жобалар толық іске асқанда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда олардың 58-і жүзеге асырылып, 3243 тұрақты жұмыс орны құрылған.

Биыл Үкіметтің тиісті қаулысына сәйкес арнайы экономикалық аймақтың аумағы оңтайландырылып, әкімшілік-іскерлік және тарихи аймақтардың бір бөлігі қысқартылды. Соның нәтижесінде пайдаланылмай жатқан бірқатар жер телімдері жалпы қолданысқа қайтарылып, Түркістан қаласының бюджетіне жер және мүлік салығынан жыл сайын шамамен 657,7 миллион теңге қосымша түсім түсетін болады.

Мәжілісте әкімшілік-іскерлік аймақта құрылысы баяу жүріп жатқан инвестициялық жобалар да жеке қаралды. Қазіргі уақытта тұрғын үй және коммерциялық нысандарды қамтитын сегіз жобаның құрылысы белгіленген кестеден кешігуде. Осыған байланысты басқарушы компания бірнеше рет ескерту жасап, тиісті материалдарды қала прокуратурасына жолдаған.

Облыс әкімі жауапты мекемелерге әрбір жоба бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеп, жұмысты күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар Түркістан қаласындағы 290 гектарлық өнеркәсіптік аймақта жалпы құны 157 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба тіркелген. Оның алтауы пайдалануға берілсе, қалған жобаларда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Ал Сауран ауданындағы 365 гектарлық индустриялық аймақта құны 86,9 миллиард теңгені құрайтын сегіз жоба жүзеге асырылып жатыр. Мұндағы негізгі міндет – электр қосалқы станциясының құрылысын аяқтап, қажетті инженерлік инфрақұрылымды толық қамтамасыз ету.

Кентау қаласының өнеркәсіптік аймағында жеті жобаның бесеуі іске қосылған, ал қалған екеуі өндірісті бастауға дайындық кезеңінде. Бұдан бөлек, "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында жалпы құны 102,1 миллиард теңгені құрайтын бес жоба тіркелген. Бұл аумақта инженерлік инфрақұрылым құрылысының барысы негізгі мәселелердің бірі ретінде қаралды.

Сондай-ақ Сайрам және Отырар аудандарындағы индустриялық аймақтардың жай-күйі талқыланып, инженерлік инфрақұрылымды дамыту мен жер мәселелерін шешу бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Мәжіліс барысында "TURAN" арнайы экономикалық аймағын одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар жаңа ұсыныстар таныстырылды.

Атап айтқанда, аймақ аумағын 27,5 гектарға ұлғайту, өнеркәсіптік аймақтарды толық абаттандыру, қоршаулар мен бейнебақылау жүйелерін орнату, сондай-ақ қатысушылардың жауапкершілігін күшейту үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу ұсынылды.

Жиынды қорытындылаған Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау мемлекеттік органдар мен инвесторлардың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу