Түркістан облысында Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Солардың бірі – Шардара қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жоба.
Өңірде қор есебінен 30 әлеуметтік нысанның құрылысына 26,4 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда оның 28-і іске қосылды. Қалған екі жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Ауыз сумен қамтуға бағытталған ең ірі жобалардың бірі – Шардара топтық су құбырының құрылысы. Оның бірінші кезеңіне 16,5 млрд теңге бөлінген. Оның 11,5 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 5 млрд теңгесі Арнайы мемлекеттік қордан қаржыландырылды.
Жоба аясында Тама учаскесінен су құбыры тартылып, су сорғы станциялары мен су тазарту қондырғылары орнатылды. Нәтижесінде Шардара қаласының 32 мыңға жуық тұрғыны сапалы ауыз суға қол жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін қала тұрғындары шамамен 60 жыл бойы ауыз суды Шардара су қоймасының ашық көзінен алып келген.
Жалпы, қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.