Сарыағаш аудандық соты уақытша ұстау изоляторында қамауда отырған әйелді зорлаған полиция қызметкерін 9 жылға соттау туралы үкім шығарды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Түркістан облыстық соты анықтағандай, 2024 жылдың 17 қыркүйегінде тәртіп сақшысы М. қамаудағы Ж. есімді әйелге бейнебақылау камерасы орнатылмаған бөлмеде зорлық әрекетін жасаған.
Бұл жайт сот-биологиялық сараптамалар және жәбірленушінің бастапқы жауабы негізінде толық дәлелденді.
"Прокуратура 10 жыл жаза сұрағанымен, сот жәбірленушінің кешірім беруін және сотталушының отбасылық жағдайын ескеріп, 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті", - деп хабарлады облыстық соттан.
Айта кетейік, жәбірленуші сотта жыныстық қатынасқа өз еркімен болғанын айтып, бұрынғы арызын жүктілік кезіндегі психологиялық күйзеліс әсерінен жазғанын айтқан.
Сотталушы үкімге келіспей, апелляциялық шағым түсіріп отыр.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.