Түркістанда адамдарды азаптау және оларды заңсыз ұстау дерегі бойынша 6 полицейге үкім шықты, деп жазады inbusiness.kz
Сот үкімімен олар Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігінің 1), 2) тармақтары мен 414-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оның ішінде төрт сотталушы 4 жыл мерзімге, екі сотталушы 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Полицейлер арнайы атақтарынан айырылып, 3 жылға дейін құқық қорғау саласынан шеттетілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кету керек, былтыр Түркістан облысына қарасты Сауран ауданында мал ұрлығы бойынша күдікті ретінде ұсталған екі азамат тәртіп сақшыларының оларға күш көрсеткенін, қылмысты мойындатпақ болғандарын айтқан. Көп ұзамай осы іске қатысы бар аудандық 6 полиция қызметкері қамауға алынған болатын.