Таяуда Түркістанда қымыз бен қымыран ұнтағын шығаратын зауыт іске қосылады. Қазақстандағы теңдесі жоқ кәсіпорын бие мен түйе сүтін ұнтақ күйіне айналдырады. Қазір нысанның құрылысы қызу жүріп жатыр. Қаржылай қолдауды Қытай тарапы білдіруде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қытайлықтардың еншісіндегі компания кәсіпкерлікке қолайлы аймақ ретінде Түркістан қаласын таңдаған. Себебі қасиетті мекенде түйе көп өсіріледі. Кәсіпкерлер шикізатты Түркістан мен оған жақын Отырар ауданынан, Қызылорда облысынан алуға болады дейді. Әзірге жергілікті шаруалармен келіссөздер жүргізілуде. Мамандардың пікірінше, ұнтақталған қымыз бен қымыранның сақталу мерзімі 2 жылға дейін жетеді. Зауыт басшылығы бір тәулікте мың тоннаға дейін өнім өндіруді жоспарлаған. Тың жаңалық ең алдымен түркістандық шаруалар үшін қолайлы болмақ.
"Түркістан қаласы әкімдігі бізге 10 гектар жер бөлді. Осы жылы қаңтар айында құрылыс жұмыстары басталған. Қазір бұл жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Зауыт салынып біткенде осы жерде тәулігіне 100 тоннадай қымыз бен қымыраннан ұнтақ дайындалатын болады", – дейді компанияның басқарушы директоры Жазира Озатқызы.
Жалпы, серіктестіктің алға қойған жоспары ауқымды. Тек ұнтақталған қымыз бен қымыран өндіріп қана қоймай, ұлттық сусындарды соңғы процесске дейін өңдемек ниетте. Сөйтіп, косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химиялық сұйықтықтар шығаруды жоспарлап қойған. Қазір инвесторларға жергілікті билік тарапынан мейлінше қолдау көрсетілуде. Кәсіпорын іске қосылса, бір мезетте 160 жергілікті азамат жұмыспен қамтылмақшы.