Түркістанда ламинат өндіретін зауыт іске қосылды

456

Жобаның жалпы құны – 5 млрд теңге.  

Түркістанда ламинат өндіретін зауыт іске қосылды Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 840 мың шаршы метр ламинат шығаруға қауқарлы, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Түркістандағы "Turan" арнайы экономикалық аймағында "Qaz Natural Laminat" ЖШС-нің заманауи ламинат өндіретін зауыты іске қосылды. Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Президенттің өңдеу өнеркәсібін дамыту және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандырып, өңдеу өнеркәсібін және импортты алмастыруды дамытуды тапсырған болатын. Осыған орай облыстың экспорттық және импорттық әлеуетіне кешенді талдау жүргіздік. Соңғы үш жылда өңірімізге 1,5 трлн теңгенің импорттық тауары жеткізілді. Оның ішінде 2025 жылдың өзінде 880 млрд теңгенің өнімі сырттан әкелінген. Жүргізілген талдау нәтижесінде 73 млрд теңгенің импорттық тауарын өзімізде өндіруге мүмкіндік бар екенін анықтадық. Осы бағытта өткен жылы жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жобаны іске қостық. Қазір импортты алмастыруға бағытталған жалпы құны 280 млрд теңге болатын тағы 39 жоба жүзеге асырылуда. Бүгін іске қосылып отырған ламинат зауыты – осы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Біз өңірде импортты алмастыратын өндірістерді көбейтіп, инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды, өндірістік инфрақұрылымды дамытуды алдағы уақытта да жалғастырамыз. Бұл жоба Түркістан облысының өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Жобаның алғашқы кезеңінде 65 тұрақты жұмыс орны ашылды. Өндірістің екінші кезеңі толық іске қосылғаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтылатындар саны 150 адамға дейін артады.

Жаңа өндіріс орны еліміздің құрылыс материалдары нарығын отандық өніммен қамтамасыз етуге, импорт үлесін азайтуға және ішкі сұранысты өтеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта кәсіпорын өнімдерін Орталық Азия елдері мен басқа да сыртқы нарықтарға экспорттау жоспарланып отыр.

Өз кезегінде "Qaz Natural Laminat" ЖШС директоры Луо Ионг жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Түркістан облысының әкімдігіне және барлық серіктестерге алғыс білдірді.

Оның айтуынша, кәсіпорында халықаралық стандарттарға сай заманауи технологиялар қолданылып, жоғары сапалы өнім өндіріледі. Алдағы уақытта өндіріс көлемі кезең-кезеңімен ұлғайтылып, экспорт географиясы кеңейтіледі деп күтіліп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу