Түркістан облысында мемлекеттік тіркеу нөмірінің орнына "НЕТУ" деген жазу қойып, автоматты камерадан жасырынбақ болған жүргізуші ұсталды, жазады inbusiness.kz сайты.
Жол бойындағы автоматты камера арқылы жол қозғалысы ережесін бұзған көлік анықталып, бұл туралы патрульдік полиция инспекторларына ақпарат түскен.
Бағыттама бойынша әрекет еткен полиция қызметкерлері Toyota Camry автокөлігін тоқтатып, тексеру жүргізді.
– Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірінің орнына "НЕТУ" деген жазу қойылғаны анықталды. Жүргізуші Қызылорда облысының 29 жастағы тұрғыны болып шықты, – деп хабарлады Түркістан облысы Полиция департаменті.
Жүргізушіге көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзғаны және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік шара қолданылды.
Автокөлік арнайы тұраққа қойылды.