Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумы өтіп жатыр

410

Ауқымды іс-шараға аймақтағы елдер Парламент Палаталарының делегациялары қатысуда.

Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумы өтіп жатыр Фото: senate.parlam.kz

Екі күнге жалғасатын Форумда олар парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттарын және біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылайды, деп хабарлайды inbusiness.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты әрі қарай нығайту үшін осындай кездесулердің маңызы зор екенін айтты.

Палата Спикері аймақтағы елдердің Мемлекет басшыларының байланысы жоғары деңгейде екенін де тілге тиек етті. Сондай-ақ өзара ынтымақтастықты жан-жақты және белсенді дамытуға Парламент өкілдері де өз үлестерін қосуы керектігін атап өтті.

Форумға қатысып жатқан қырғыз, өзбек, тәжік және түрікмен делегацияларын тиісінше Қырғызстан Жогорку Кенешінің төрағасы Нұрланбек Шакиев, Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева, Тәжікстан Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзода және Түрікменстан Меджлисінің төрағасы Гурбанмурат Ашыров бастап келді.

Іс-шара кезінде депутаттар Орталық Азия елдерінің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын нығайту мәселесін және Парламенттердің осы үдерістегі рөлін талқылайды. Сонымен қатар форумға қатысушылар ортақ тарихи-рухани мұраға негізделген мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту барысына назар аударады.

Форумның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданады. Құжатта экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту перспективалары көрсетіледі.

Айта кетейік, аталған Парламентаралық форумды өткізу туралы шешім былтыр шілде айында өткен Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде қабылданды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу