Түркістанда салынатын 175 ғимараттың 102-сі биыл іске қосылады – Елбасы

1128

Түркістан жұртшылығымен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев киелі шаһарда құрылыс қарқын алып, болашақта туристер жиі келетін іргелі қалаға айналатынын атап өтті.  

Түркістанда салынатын 175 ғимараттың 102-сі биыл іске қосылады – Елбасы

Қазақстан Респуликасының Тұңғыш Президенті қала өсіп-өркендеген сайын жергілікті халықтың да жағдайы жақсаратынын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақстан халқы үшін Түркістанның орны ерекше. Мұнда бірнеше қабатты 175 ғимарат салу жоспарланған. Соның 102-сі биыл іске қосылады. Жұмыстың қандай қарқынмен атқарылып жатқанын көріп отырсыздар. Бұл үшін мен осы жерде барлық облыстардың басын қостым. Қолынан іс келетін азаматтар өз шаруасын дөңгелетіп әкетіп жатыр. Болашақта әдемі қала болады, халық саны өседі. Қазір қала тұрғындарының саны 170 мың болса, меніңше аз уақыттың ішінде жарты миллионға жетеді. Кейін одан сайын көбейеді деп ойлаймын. Бұл жерде саябақ та, жол да – бәрі болады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы сонымен қатар, жаңадан құрылған облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсарып, жұмыс орындары көптеп ашылатынын сөз етті. "Түркістанның орналасқан жері – тоғыз жолдың торабы. Қытайдан біз арқылы Европаға өтетін дәліз бар. Темір жол бар, барлығы бар. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанымызда тағы бір керемет орталық, тарихи қала бой көтеріп отыр. Бұл – бәріміздің қуанышымыз. Ендігі жылы көп ғимараттар іске қосылып, жаңа ғимараттар салынып, осы жерде тағы кездесеміз", – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның алдағы уақытта тарихи, мәдени орталыққа айналатынына сенім білдірді.

"Кесенені жөндеуден өткіздік, өздеріңіз білесіздер. Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет ашылды. Көп шаруалар өз ретімен жасалып жатыр. Мұның барлығының соңғы міндеті – облыс орталығын салу еді. Оған да, мінекей, куә болып отырмыз. Сондықтан баршаңызды осындай бастамамен құттықтаймын. Түркістан үлкен қалаға айналып, жан-жақтан туристер келетін болады. Биылдың өзінде бір миллионнан астам турист келіпті. Ал, мына ғимараттар салынғаннан кейін тарихи, мәдени орталық қалыптасып, туристер көптеп келетін болады. Демек, түркістандықтар жұмыссыз қалмайды. Мына салынып жатқан ғимараттарда, қонақүйлерде қаншама түркістандықтар жұмыс істейтін болады. Барлығы осы шаһардан нәпақасын тауып, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Қазақстанымыз жасай берсін, Түркістан жасай берсін", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу