16 маусым күні күшіне енетін Заңда екі бағыт бойынша түзетулер көзделеді: біріншіден, отбасыларға көмек ұйымдастыру, екіншіден, зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату, деп жазады inbusiness.kz cайты.
"Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң" 16 маусым күні күшіне енеді. Осы заң жазаны қатаңдату арқылы зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастырады.
Жалпы осы Заңда екі бағыт бойынша түзетулер көзделеді. Біріншіден, отбасыларға көмек ұйымдастыру, қиын жағдайдан шығару функциясын әлеуметтік басқармаға енгіздік, себебі бұған дейін әкімдікте осыған жауапты басқарма болмаған.
"Қиын жағдайдағы отбасылар мен ондағы зорлық-зомбылық белгілерін анықтау үшін және көмек ұйымдастыру үшін жедел әрекет ету топтарының құрылуына байланысты түзетулер көзделген. Ең маңыздысы — әр ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылатын болады. Аталмыш орталықтар психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмек ұйымдастыратын болады. Жалпы осы жобалар үш жылдық пилотта негізделген", - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Болатқызы.
Сонымен қатар Заңда ерекше талаптар көзделген: агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу, оларды үйден көшіру, балалар арасындағы зорлық-зомблықты, суицидтік көңіл-күйді, буллингті анықтау үшін және оларға арнайы көмек ұйымдастыру үшін, жалпы осы салада бірыңғай жүйелі тәсілді енгізу үшін әр облыста психологиялық қолдау орталықтары ашылатын болады.
"Бұрын Заңмен бекітілмеген институт жергілікті жердегі бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге қатысты түзетулер көзделген және 111 сенім телефонына қатысты нормалар енгізілген", - деп түсіндірді спикер.
Екіншіден Заңда жазаны қатаңдату бойынша біраз түзетулер енгізілді. Біріншіден, ұрып-соғуға және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге қатысты қылмыстық жауапкершілік көзделген.
"Орташа не ауыр зиян келтіргендердің бас бостандығынан шектеу деген жаза алынып тасталды, себебі осы жаза — әділетті жаза емес, бұл жаза бойынша адамды үйде қамауда ұстау ғана көзделген. Мысалы, Түркістан облысында кішкентай қызды өлтірген қылмыскер бұрын жасалған қылмыс үшін үй қамақта отырған", - деді уәкіл.
Сонымен қатар балаларға қатысты қылмыстар үшін татуласу рәсімін алып тастадық, бұрын қылмыстардың 30%-ы екі жақтың келісімімен жабылып отырған. Тағы бір мәселе — балаларға жыныстық қатынаста тиісу бойынша жаңа бап енгізілді, себебі бұған дейін осы әрекеттерге жауапкершілік мүлдем көзделмеген. Педофилия үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздедік.
"Сонымен қатар тергеу барысында балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар үшін адамды бірден қамауға алу жазасы енгізілді. Балаларға жасалған буллинг, автобустан шығарып жіберу сынды әрекеттерге әкімшілік жаза бекітілді. Жалпы алғанда заңда 70-тен астам позиция бар", - деді Динара Закиева.