Түркістан қаласындағы Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінде мерзімді қызмет сарбаздары ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруды меңгеріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биылдан бастап дрон операторларын даярлау құқықтық тәртіп әскерлерінің жауынгерлік даярлық бағдарламасына енгізілді.
Әскери дайындық жас жауынгер курсынан басталады. Сарбаздар жалпыәскери жарғыларды зерделеп, саптық және атыс даярлығынан өтеді. Сонымен қатар дрондарды басқаруды үйренеді.
Оқу барысында әскери қызметшілер ұшқышсыз аппараттардың құрылымын, басқару ережелерін, техникалық қызмет көрсету тәртібін және тактикалық қолдану негіздерін меңгереді. Бағдарлама аясында командир, FPV-дрон операторы, оқ-дәрілер жөніндегі маман және барлау операторынан тұратын жауынгерлік есептоп дайындалады.
Оқыту бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен сарбаздар өз мамандығына қажетті дағдыларды игеріп, кейін топтық жаттығуларға қатысады. Бұл олардың бірлесіп әрекет ету дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Дайындықтан өткен сарбаздар Түркістан қаласында патрульдік қызмет атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтауға және тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысады.
Дрон операторларын даярлау әскери қызметшілердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп, заманауи технологияларды меңгеруіне ықпал етеді.