Түркістанда заңсыз айдап әкетілген көлік бірнеше сағатта табылды

396

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Түркістанда заңсыз айдап әкетілген көлік бірнеше сағатта табылды Фото: Түркістан облыстық ПД

Түркістан қаласында полицейлер заңсыз айдап әкетілген автокөлікті бірнеше сағаттың ішінде тауып, күдіктінің жеке басын анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті журналист хабарласып, жұмыс орнының алдында тұрған өзіне тиесілі автокөлікті белгісіз біреу айдап кеткенін мәлімдеген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Полицейлер оқиға орнын қарап шығып, қаладағы бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият зерделеді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті арада бірнеше сағат өткенде анықталды.

"Автокөлікті заңсыз иемденген күдікті Түркістан қаласының жұмыссыз тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда көлік айғақты зат ретінде тәркіленіп, арнайы айып тұрағына қойылды", – деп хабарлады полиция.

Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Көлік иесі полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби жұмысына ризашылығын білдірді.

"Полиция қызметкерлеріне шынайы алғысымды айтамын. Олардың жедел әрекетінің арқасында автокөлігім қысқа уақыт ішінде табылды. Осы ретте Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровқа және іздестіруге қатысқан барлық қызметкерлерге ерекше алғысымды білдіремін", – деді Айгерім Айтаханова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу