10 маусымнан бастап Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағына шетел азаматтары үшін кіру құны өзгерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы "Әзірет Сұлтан" ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы мәлім етті.
– 2026 жылғы 10 маусымнан бастап Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағына, Ясауи музейі мен Сирек жәдігерлер залына кіру билеттерінің құны алыс шетел азаматтары үшін 5000 теңге, жақын шетел (ТМД) азаматтары үшін 2000 теңге болып белгіленді, – делінген ресми хабарламада.
Мекеме мәліметінше, жаңа тарифтер Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен бағалар тізбесіне сәйкес енгізілген.
Бұған дейін шетел азаматтары үшін билет құны 2000 теңге, ал ТМД елдері азаматтары үшін 1500 теңге болған.
Қазақстан азаматтары үшін кіру бағасы өзгеріссіз қалды. Ересектер үшін билет құны – 1000 теңге, студенттер мен зейнеткерлер үшін – 500 теңге, ал мектеп оқушылары үшін – 300 теңге.
Сонымен қатар биылдан бастап бірқатар санаттағы азаматтарға кесене аумағына тегін кіру мүмкіндігі берілді. Олардың қатарында I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар азаматтар және олардың бір еріп жүрушісі, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, Ауған соғысының ардагерлері, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегері көпбалалы аналар, мектеп оқушылары тобын бастап келген бір мұғалім, туристік топтың бір гиді, сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балалар бар.
Бұдан бөлек, мектеп оқушылары жазғы және тоқсандық демалыс кезінде кесене аумағына тегін кіре алады.